Толқын-көңіл тоқырап, таусылуы-ай


Толқын-көңіл тоқырап, таусылуы-ай,
Тасып-тасып басылған тау суындай.
Жетім жүрек жастықтың жұртында қап,
Ұлиды кеп берінің қаншығындай.

Қырық күздін қырқада бұлты аунайды,
Қырық көктем келсе де жылыта алмайды.
Қылын шертсен күмбірлеп күй төгетін,
Қырт көңілден бұл күнде дым тамбайды.

Қырқасына шыққанда қырық белдің,
Мойынымды артыма бұрып көрдім.
Жатыр екен жиырма мекенінде,
Мен несіне қырықты қуып келдім?!

Қырық…
Қырық…
Қай жерге тоқтар екен,
Жайлауында жастықтың жоқ па мекен?!
Жастық — өлең, жігіттер,
Жастық — өмір,
Қалғанының барлығы оттау екен!
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *