Қайтсем сенің құтылам елесіңнен?!
Отырасың қасыма келесің де.
Сен өлгенсің, жаным-ау, мен тірімін,
Мен тірімін.
Тірімін!
Көресің бе!!!
Көнген жаным жазаға, қазаға да,
Өкпелеме,
Сен енді жазалама.
Шын болса, табысармыз ахиретте,
Әзірше, жаным, мені мазалама!…
Мен деген — тірі жанмын,
Сен — елессің.
Білесің ғой, өлтірген мен емеспін.
Мен үшін артық емес сенен ешкім,
Бірақ та сен — елессің,
Сен — елессің!
Араша тұра алады кім өлімге,
Жата бер мені күтіп түнегінде.
Әзірге тірі жүрсем бұл өмірде,
Сенің орның оңаша жүрегімде.
Майгүлім, гүлім менің, көгім менің!
Жүрегін қияр дейсің өлімге кім.
Сен — менің жүрегім ең.
Дегенменен,
Елессің, енді маған көрінбегін…
Мұқағали Мақатаев