СЕЗІМ



Арпалысып ақылмен, төзімменен,
Бір сәт те дем алмайды сезім деген.
Шыр етіп жерге түскен шілдехана,
Келеді дүниені кезуменен.

Жанымды тыншытпайды сезім деген,
Қалай жүр, япыр-ау, төзіп денем?!
Қаншама күндер өтті дамылдамай,
Қаншама түндер өтті көз ілмеген,
Білмеймін, не іздейді сезім менен?!

Белгілі шегі де жоқ, жоқ тұрағы,
Белгісіз, қайда апарып соқтырары.
Не, сезім, мені бір күн от қылады,
Не, сезім, мені бір күн жоқ қылады!..

Қаншама көлдененнен өтті қарғып,
Әлемге өмір беріп, етті жарлық.
Ғаламдық зандылықты мойындамай,
Жүргені, барды жоқ қып.
Жоқты бар ғып.

…Адамның сезімінен сезіктенбе,
Сезімді сезіне біл, төзіп, көн де.
Ақыл менен парасат бұғынады,
Шынайы шын сезімге кезіккенде…
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *