ОРТА ЖОЛДА



Көңіл де пәс, пәс кеуде,
Аэропортта даң-дұңмен
Затым кетті Мәскеуге,
Ақтөбеде қалдым мен.

Алдан шығып достарым,
Тоса берді тостағын.
Ұсынғасын тостағын,
Сілтеп-сілтеп тастадым.

Адал ас пен көңілін
Қалай қиып кетерсің?!
…Айхай, менің өмірім,
Армансыз-ақ етерсің!

Маған жоқ-тын жат, дұшпан,
Бәрі бауыр, тұстасым.
Қалып қойдым ақ құстан
Ақтөбеде, қысқасы.

Көңіл, неге мұздадың?
Асықпа, әлі жетерсін.
Қазағынның тұз-дәмін
Қалай қиып кетерсің?!

Қарсы алар ма бір адам
Сонау алыс шалғайда?
Мына көңіл, мына дәм
Бола ма алда, болмай ма?!

Бірге күліп, жыласқан
Пәк көңілдер бір жүрсін.
…Мына дала, мына аспан
Қимай тұр ма, кім білсін?!!
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *