Не көрмедім демеймін,
Нені көрдім?
Маған, өмір,
Көрсін деп нені бердің?
Ештеңе де көргем жоқ,
Көрмей, білмей,
Жөніме елгім келеді, жөніме елгім.
Көргемін жоқ қуаныш, қайғыны да,
Қуануға мұрса жоқ, қайғыруға.
Жоқшылық та жат маған, байлығың да,
Қонысым бар қос жолдың айрығында.
Махаббатты білмеймін, сүюді де,
Сүймей өмір өткерген күйім міне.
Жүрегіме біреулер ғашық болып,
Иілді ме, білмеймін, күйінді ме?
Жақсылығын біреудің, қорлығын да
Көргемін жоқ, білмеймін барлығын да.
Қуанышым белгісіз, зар-мұңым да,
Таң нұры да белгісіз, тағдырым да.
Не көрмедім демеймін,
Не көрдім мен?
Көрермін деп бәрін де келер күннен,
Айрығына қос жолдың қосым тіктім,
Қос еркешті түйемді шөгердім мен.
Мұқағали Мақатаев