Көтеріп сені батырып,
көтеріп сені шығарам,
Кішкентай күнім, сенсіз мен
өмір де сүріп шыдаман.
Кішкентай күнім,
сені мен арқалап жүріп айығам
Табанға кірген шегеден,
миыма қаққан сынадан.
Қондырам-дағы ұяңа,
отырам өзім күзетіп,
Әлдекімдерден қызғанып,
әлсіреп жүрек дыз етіп,
Керімсал түннің кей-кейде
кетеді маған сызы өтіп,
Отыра берем сонда да
өмірдің кілтін түзетіп.
Қара аспанымнан кей-кейде
қара нөсерлер боратса, —
Самалдатқаным мен сені,
қапырық болып баратса.
Кішкентай күнім, кеш мені,
барлығы-дағы сен үшін
Иілмес емендерге мен
иілсем кейде садақша?
Бата ғой, күнім, дөңгелеп,
Шыға ғой, күнім, дөңгелеп,
Тірліксіз болмау үшін де,
титімдей күнім,
сен керек!
Мұқағали Мақатаев