МЕНІҢ БІР ДОСЫМ

 

Ана бір жыл Алматыға келгенде,
Өз аузынан досым былай деп еді.
— Дүниенің барлығын да өлеңге
Сыйғызатын ақын болғым келеді.

Былтырғы жыл Алматыға келгенде,
Былай деген сөзін ұқтым батырдың:
— Шалқар ойым сыймайды екен өлеңге,
Алты актілі пьеса жазып жатырмын.

Биыл тағы Алматыға келіп ем,
Досым менің барлығын да тастапты.
Ақысы мол, өзі қалың, жолы кең,
Екі томдық романын бастапты.


Досым менің, барады мезгіл өтіп,
Мезгіл өтіп барады, тоқтамайды.
Ұры өмірді уақыт — жел күзетіп,
Ұстамақ боп бір сәтке ноқталайды.

Жылдар ағып барады, жылдар ағып,
Аударылып теңіздің арнасында.
Жылап-сықтап әнеки тұр балалық,
Біз теңізге секірген жар басында.
Шыдармын ба бақытты таба алғанша,
Барады өтіп несібем кенде менің,
Амал қанша, досым-ау, амал қанша,
Жақсы еді ғой өмірге келмегенім.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *