Махаббат бүгін және қарамады

Махаббат бүгін және қарамады,
Қарамады…
Жанымды жаралады.
Шәміл-оу!
Білесің бе?
Шын махаббат
Осылай қарамаудан жаралады!

Мейлі, ол қарамасын, түсінбесін,
Осылай асқақ болсын, кішірмесін.
Бастан ауып баратқан тал түсіме
Тағдырым көленкесін түсірмесін.
Ескермесін, білмесін,
Кете берсін.
Бұл фәниден алаңсыз өте көрсін!
Дәрменсіз менің мылқау махаббатым,
Сірә да, өміріммен өтелерсің…

4

Шәміл-оу!
Күндер өтті,
Айлар өтті.
Алаңсыз қайран күндер қайда кетті?
Махаббат сәулесіне ұрындым мен,
Махаббат өмірімді ойран етті.

Қазір түн.
Көктем түні маужырап тұр.
Отырмын жазбай, сызбай қалжырап құр.
Алдында тереземнің — кәрі қайың,
Көктей алмай бұтағы саудырап тұр.

Ақ нөсер аңырап кеп дүркін-дүркін, ашылар,
Кәрі қайың көктер бір күн.
Махаббат мені, сірә, дауалар ма,
Бет алып бұрылмасқа кеткен шіркін.

Көшелердің көзінен қан атылып,
Қала жатыр,
Қазір түн.
Дала тұнық.
Махаббатты күзетіп, кірпік ілмей,
Бүгін және отырмын таң атырып.

5

Шәміл, Шәміл!
Айналдым жазылмасқа.
Күйрейтүғын түрім бар жазым бассам.
Қазір менен сауық пен сайран қалған,
Жайына жыр да қалған жазылмастан.

Ойға өріс таппаған, тілге — дерек,
Ойнақы жырым менің кімге керек?
Тулайды тұтқындалған ак тиіндей,
Шығыршықты айналып шыр көбелек.

Жоқ, Шәміл,
Менің ойым бөлек еді,
Басқа жыр, басқа ғұмыр керек еді…
Құл болғам Махаббатқа, менде ерік жоқ,
Еріксіз өмір маған не береді?!

Махаббат түсінбеді, аулақтады,
Арманым кетті мені алдап тағы.
Сая іздеп құр бекерге сабылыппын,
Табыныппын сағымға әр жақтағы.

…Қазір түн.
Сыртта нөсер.
Сәуір айы.
Көктеген әлдеқашан көрі қайың.
Сәлден кейін тағы да таң атады,
Тағы да…
Сары уайым…

6

Шәміл,
Шәміл!
Шаршадым, қалжырадым.
Ет жүрегім езілді, қан жылады.
Жырым менің — науқастың сандырағы,
Күным менің — тазынын қарғыбауы.
Темір емес, мен-дағы адаммын ғой,
Аңнан емес, адамнан жаралдым ғой!,
Шәміл-ау!
Тұңғиыққа қамалдым ғой!
Қайтермін?!
Қайда барып жазармын бой?!
Тағы түн.
Тағы менен ұйқы қашты.
Қайтемін қаныраған күйкі басты?
…Алдымда мынау фәни тыржалаңаш,
Шығарып тілін маған, сиқын ашты.

Махаббат менен кеткен,
Бөлекте жүр.
Мен де бір — жасын түскен терек те бір.
Тіршілік махаббаттан таралған ғой,
Шәміл-оу!
Енді маған керек пе өмір?!
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *