Білем…
Білем…
Сендерді, туыстарым!
Өзімсініп дұрыс қой ұрысқаның.
Көкпар тартсаң өзімді — өздерің біл,
Жырларымда болмасын жұмыстарың!
Жырым менің — өзімнің асау жаным,
Іздемей-ақ қой оның осал жағын.
Жырым менің алтын да, асыл да емес,
Білесің бе не заттан жасалғанын?!
Келесін сыртымнан тон пішуменен,
Жеңбексің желеуменен ішу деген…
Ақын ба от пен суды түсінбеген?!
Ақын ба жанына ақау түсірмеген?!
Ішу деген, шынында, осал жағым,
Осал жақтан іле бер, шошандағын. …
Құлы болсаң өмірдің — өзің болғын,
Қара басым құлдықтан босанғамын!
Сөз сенікі, сөйлей бер, нан табарым,
Әлі-ақ ертең әләуләй тарқар әнің.
Тұғырыңды бәйгеге қоссаң — сен қос,
Тұлпарымды қор қылмай, қаңтарамын.
Мұқағали Мақатаев