Жаз едім кеше


Жаз едім кеше,
Айналып күзге барам ба!?
Жалын жоқ,
От жоқ, жасыған мынау жанарда.
Ауытқып кетті аймалап тұрған самал да,
Кеулеп тұр міне,
Дауыл ма, әлде боран ба?
Бұлттанып кеттім,
Бусанып, әлде жауам ба?!
Жел айдап, әлде жердің түбіне ауам ба?!
Қалса екен нәрім ауамда, мына даламда,
Түспесе екен көлеңкем тірі адамға.

Күз болса, болсын!
Үмітімді әсте үзбен мен.
Көктемнің сепкен жемісін маған күз берген.
Сырласып тұрам,
Орылған алқап,
Сыбызғы тартып қурайдан,
Қуарған құла түздермен.

Күз болып тұрып,
Бақтарды ойға батырам.
Күз болып келіп,
Қасыңа, калқам, отырам.
Отырам-дағы, жазынды сенің шақырам,
Аймалап тұрып,
Сөйлеймін жаздың атынан.
Мұқағали Мақатаев

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *