(Жүрек жайы)
Уай, өмір! Көрсеткенің осы ма?
Тыйым салшы көздің мына жасына!
Мінажат қып күн-түн демей зарласам,
Бақыт құсы келер ме екен қасыма?
Тында, досым! Тында жүрек жұмбағын,
Мұңлы досты есіңе ала тыңдағын.
Мына өмірдің тұйығына тұншығып,
Қайғылану, жабығудан тынбадым.
Есіңе алшы кешегі өткен күндерді,
Жасырып бақ ойнап жүрген түндерді.
Сол балалық бақытымнан арылтып,
Дуыр арман мені басып үлгерді.
Ауыр арман желі гулеп, азынап,
Ақ қағазға арыз болып жазылад.
Қайғыланып, қапаменен қан жұтқан,
Жас жүректің сырын ұққын азырақ.
Мен бақытсыз, өмірім тұман, қараңғы,
Сәуле орнына қайғы басты санамды.
Өзің көрген қасіреттің қанжары,
Қарс айырып көкірекке қадалды.
Өз-өзімнен жара салдым жаныма,
Білте өткізбей жас жүректің шамына.
Шырмауынан шыға алмай тұрмыстың,
Көндім, міне, табиғаттың заңына.
Ақыл айтар бір адамды таппадым,
Жалынсам да ешбір жанға жақпадым.
Әлі бастан қуғын көріп өмірден,
Көңілімді көр ішінде сақтадым.
Үмітім зор, мақсатыма жетермін,
Мұндай күнді мен де ұмытып кетермін.
Мүмкін, өмір қуғынынан құтылмай,
Мәңгі бақи жылауменен өтермін.
Сен оқисың, бақыттысың сондықтан,
Оқу деген — маған болды енді таң.
Баянсыз бір тіршілікке алданып,
Бұл өмірден мешеу қалған мен бір жан.
Бақыттысың, пісер сенің жемісің,
Көгересің еңбек етіп ел үшін.
Сенің сондай оқушылық өмірің,
Өте қымбат, тәтті қиял мен үшін.
Иә, мен де сен сияқты өскен ем,
Тіл түйінін мектепке оқып шешкен ем.
Менде де үміт бар сияқты, бірақта
Дәл қазіргі өмірімнен сескенем.
Оқу десем, ет-жүрегім қан жылап,
Ғазиз басым мең-зең болып қайғырад.
Дел-сал болған жігерімді жетектеп,
Қиял кұсы алып-ұшып қаңғырад.
Сүйем мен де тіршіліктің дәм-тұзын,
Деп тілеймін: “Бар өмірім болса ұзын!”
Арман етед жас жүрегім шырылдап,
Көрсем-ау деп бақытты өмір жұлдызын.
Түсін, досым! Шермендеңнін зар үнін,
Сыртқа шықпай, ішті өртеген жалыным.
Сонау алыс шыңырауда — бір сәуле,
Сол сәуленің күтіп тұрмын жарығын.
Достым, мені неге болса көнді де,
Талай-талай “тамаша” күн көрді де.
Асқақтаған арманына жетпесе,
Мезгілі жоқ жас жүрегі сенді де.
(Жас жігерім, жасымашы болып дал),
Егер ертең алса мені сұм ажал.
Шын дос болсаң, қабіріме сонда кеп:
— Ерте сөнген бауырым! — деп есіңе ал!
Мұқағали Мақатаев