Бәрібір,
Бізді ішкіш деп жүр ғой,
Аяулым,
Ішіп қайталық,
Басына барып Һәйәмның.
Көземіз майға,
Көзіміз жасқа кенеліп,
Азан салайық:
— Оянғын, баба, оянғын.
Хан менен бектен,
Молда мен шонжар, күштіден,
Дейді ғой Сізді қиянат көріп ішті деп.
Оянғын, баба,
Отырайық бір кәйіп қып,
Біздің шараптар
Сіздің майлардан күштірек.
Сіз көрген, баба,
Қиянаттарды көрмей біз,
Рақаттарды кешіп жүріп-ақ шөлдейміз,
Тірі пенденің тілін алмаймыз, көнбейміз.
Қоймайтын болдық,
Өзіңізге ұсап өлмей біз.
Көрдіңіз қиянат,
Көрмей-ақ біздер ішеміз.
Басымыздағы бақыттардан да күсеміз,
Қазылған орға өзіміз іздеп түсеміз.
Қайтеміз енді?
…Бәрібір бізді,
Ішкіш деп жүр ғой, аяулым,
Көтеріп жібер,
Көңілің неден қаяулы?
Не деген екен?
Несі бар осы заһардың?
Оқышы тағы, оқышы Омар Һәйәмды.
Мұқағали Мақатаев