9-МАМЫР

 

 

Көше бойлап,

көктеммен тыныстаған,

зағип кемпiр келедi

гүл ұстаған,

көзiндегi қап-қара әйнегiне

шағылысып қояды күмiс ғалам.

 

Жол үстiнде сүйiскен тоқтай қалып,

екi жасқа соқтықпай,

өттi айналып,

сапер сынды келедi алдын барлап,

таяқ етiп ұп-ұзын оқтауды алып.

 

Перiштелер ұшатын қараңғыға,

жан-тәнiмен көндiккен

адам мына,

қызғанышпен тiптi де қарамайды,

көрсеқызар келетiн жанарлыға.

 

өмiр сүрiп келедi ол көкiрекпен,

өкiл болып көрген жоқ

өкiметтен,

соғыстарға бергiсiз съездерде

бар халықты жағалай соқыр еткен.

 

Жарық жалған бермесiн

төрiн, мейлi,

жаны жасып,

тiрлiктен жерiнбейдi,

көңiлiнде соқырдың жанған сәуле,

көзi барға ешқашан көрiнбейдi.

 

— Көрсоқыр! — деп бiреудi қажап, сөгiп,

көзге шұқып жатады-ау,

мазақ көрiп,

адам түгiл

тағдырдың өзi дағы

басырлықтан жүргенде азап шегiп…

Ұлықбек Есдәулет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *