ӘМРИН Хабиболла (03.1900, Омбы облысы Москален ауданы Саға қазақ ауылында дүниеге келген — 13.03.1938, Алматы облысы Жаңалық елді мекенінде дүние салған) — қазақ зиялысы, саяси қуғын-сүргін құрбаны. Орта мектепті бітіргеннен кейін Орынбор, Қызылорда қалаларында, 1928 — 33 жылдары Қазақ АКСР-ы Жұмысшы-шаруа инспекциясында, кейін Қазақ АКСР-ы ОАК-нде жауапты қызметтер атқарған. Мемлекеттік аппаратты “жергіліктендіру” науқанына белсенді қатынасып, қазақ кадрларының басқару органдарына тартылуына оң ықпал жасады. “Жергіліктендіру туралы” (А.-М., 1934, орыс тілінде) деген ресми құжаттар жинағын бастырып шығарды. “Мекемені қазақыландыру мәселесі” төңірегіндегі өзінің ой-пікірлерін баспа бетінде жариялады. Өмірінің соңғы жылдарында Қарқаралы, Қарағанды қалаларында халыққа білім беру саласында еңбек етті. “Қызыл Қазақстан” журналында (1929, мамыр) жарияланған “Сауатсыздықты жою жұмыстары” деген мақаласында халыққа білім берудің өзекті мәселелерін көтеріп, экономика және мәдени дамудың халықтың жалпы сауаттылығына байланысты екендігін ашып көрсетті. Әмрин 1937 жылы “Қарағанды ісі” бойынша “халық жауы” деген жасанды айыппен ұсталып, 1938 жылы 13 наурызда атылды. КСРО Жоғарғы сотының 1959 жылы 15 мамырдағы шешімімен ақталды.