ӘКТАС – кальциттен, кейде арагониттен тұратын кең таралған шөгінді тау жынысы. Құрамында қоспа ретінде сазды минералдар, халцедон, кварц, глауконит, пирит, гипс, ангидрит, т.б. кездеседі. Әктастар негізінен саяз теңіздер мен қолтықтарда, кейде тұщы көлдерде қалыптасады. Жаратылысы жағынан әктастар органогенді, хемогенді (химиялық), кесекті және криптогенді болып түзіледі. Органогенді әктастар жәндіктер мен өсімдіктердің қалдықтарынан қалыптасады. Жәндік қалдықтарынан тұратынын зоогенді, ал өсімдіктен тұратынын фитогенді әктастар дейді. Хемогенді әктастар қалыңдығы тұрақты қабаттар, конкрециялар құрайды. Олардың түстері әр түрлі (ақ, күңгірт сұр, қара, т.б.) болып келеді. Химиялық әктастар саяз теңіздерде, көлдерде қалыптасады. Кесекті әктастар әр түрлі өлшемді карбонатты кесектер мен үгінділерден тұрады. Криптогенді әктастарға жаратылысы белгісіз, өзгерген әктастар жатады. Олар кристалл түйірлі болады. Әктас – негізгі құрылыс материалдарының бірі. Ол қара металлургияда флюс ретінде, химия өнеркәсібінде (сода, карбид, минералдық тыңайтқыштар өндіру үшін), қант, шыны, цемент өндірістерінде қолданылады. Әктастың Қазақстанда көптеген кен орындары (Саяқ, Ақтас, Керегетас, Ақжар, т. б.) бар.