ӘЙКЕН немесе ноғатық(Lathyrus) — бұршақ тұқымдасына жататын бір немесе көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Қазақстанда 12 түрі бар. Олар далалық, шалғындық, егістік жерлерінде, бұталы өсімдіктер арасында кездеседі. Ең көп тараған түрі — түйнекті әйкен (L. tuberosus). Оның биіктігі 30 — 100 см, тамыры түйнекшеленген ұзын, сабақтары қырлы келеді, тік немесе өрмелеп өседі. Қосарланған жапырақшалары ұсақ, гүлдері хош иісті, күрең-қызыл түсті болады. Маусым — шілде айларында гүлдейді, тамыз — қыркүйекте жеміс береді. Жемісі — бұршақ тәріздес. Әйкен — бағалы мал азығы, сабағынан пішен және сүрлем дайындайды. Тұқымында 28 — 30% белок болады. Сондықтан тағамға да пайдаланады.