ӘБУ-Л-ҚАСЫМ ҰБАЙДАЛЛАҺ ИБН ХОРДАДБЕХ, Әбу-л-Қасым Ұбайдаллаһ ибн Абдаллаһ ибн Хордадбех (шамамен 820 — 912/13) — араб географы, тарихшы.Иранда дүниеге келіп, Бағдатта білім алған. Жибал аймағында почта және мемлекеттік хабар жүйесінің бастығы болған. 846/47 ж. “Китаб әл-масалик уә-л-мамалик” (“Жолдар мен аймақтар туралы кітап”) аталатын еңбегін жазып, кейін оны қайта өңдеген (885/86). Бізге еңбектің тек қысқартылған түрі ғана жетті. Шығармада Қазақстанмен Орта Азиядағы қыпшақтар., қырғыздар, түркештер, қимақтар, оғыздар т.б. тайпалардың орналасуы жөнінде мағлұматтар берілген.