ӘБУ –л-ҚАСЫМ ФИРДАУСИ

ӘБУ –л-ҚАСЫМ ФИРДАУСИ (940 ж.ш., Иран, Фирдаус қ., — 1020/30 ж.ш.,сонда) – шығыс ақыны, «Шаһнама» дастанын (ақын Дажини бастаған) 35 жыл бойы жазған, ол 55 мың бәйіттен (қостағаннан) тұрады. 1-нұсқасы 994 ж., 2-нұсқасы 1010 ж. біткен, тұңғыш рет 1829 ж. Үндістанда жарық көрді. Дастан 3 бөлімнен құрылған:1)мифологиялық аңыздар,2) батырлық жырлар,3)тарихи шежірелер.Сонымен қатар романтикалық, драмалық сарындағы бірнеше поэмалар, дидактикалық және филос. толғаулар енгізілген. Негізгі сюжет иран және тұран халықтарының басынан кешкен 4 мың жылдық тарихи оқиғаға байланысты өріледі. Жүсіп Баласағұни “Құтадғу білік” дастанында (1069) “Шаһнаманың” түркі тайпаларына жақсы мәлім екенін айтады. Қазақ халқы “Шаһнамамен” ертеден таныс. Поэма қаһармандары қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездеседі (мысалы, “Атымтай мен Наушаруан” ертегісі, “Иранғайып шаһ Ғаббас” дастаны т.б.). “Шаһнаманы” қазақ тіліне аудару ісі 19 ғасырдың 30-жылдарынан бастап қолға алынды. 1856—1870 ж. Ораз Молда “Шаһнаманың” үш аудармасын жасады, 1888 ж. Сердәлі ақын бір тарауын, 1914—1915 ж. Мұқамеджан Сералин (1872—1929) “Рүстем және Зораб” деген бөлімін аударды. “Шаһнаманы” тәржімалауда Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882—1939) көп еңбек сіңірді. Оның аудармасы 40 мың жолдық 3 бөлімнен тұрады (“Жәмшиднама”, “Рүстем-дастан”, “Дарап-нама”). Осылардың ішінен “Рүстем-дастан” 1961 ж. жарық көрді. Ақын Б. Алдамжаров “Мәнушеһір” тарауын аударды (1972). Абай Құнанбаев Әбілқасым Фирдауси ұстаз тұтты. Сондай-ақ “Шаһнама” дастаны Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев сияқты халық ақындарының шығармашылығына біршама ықпал етті. Әбілқасым Фирдаусиге қазақ ақындары С.Мұқанов, Қ.Бекхожин, Қ.Жармағамбетов, Ө.Күмісбаев т.б. жыр жолдарын арнаған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *