АЯҚСЫЗ ҚОСМЕКЕНДІЛЕР (лат. Apoda, Gymnophіona) – қосмекенділер класының отряды; топырақта тіршілік етуіне сәйкес аяқтары жойылғандықтан аяқсыз қосмекенділер деп аталған.Аяқсыз қосмекенділердің 3 тұқымдасының 170-ке жуық түрі Африка, Азия, Американың ылғалды тропиктік аймақтарының өзен-көл жағалауындағы ылғалы мол топырақ арасында тіршілік етеді. Дене пішіні ұзынша, жыланға ұқсас, ұзындығы 30 – 120 см, жер астында ін қазып тіршілік етуге бейімделген. Денесі сақина тәрізді қатпарлардан (400-ге дейін) тұрады, терісі жалаңаш әрі безді келеді. Омыртқасының саны 200 – 300-ге жетеді, қабырғалары, құйрығы қысқа болады. Басы денесімен тұтасып кеткен. Дабыл жарғағы, ортаңғы құлағы, көзі болмайды. Басында өскін түрінде қармалаушысы болады. Иіс сезуі жақсы дамыған. Құрлықта тіршілік етуіне сәйкес іштей ұрықтанады. Олар 5 – 30 жұмыртқа салып, кей түрі тірідей туып көбейеді. Кейбір түрінің (балықжылан, т.б.) денесі ұсақ сүйекті қабыршақтармен қапталған. Топырақ ішіндегі омыртқасыз жәндіктермен қоректенеді.