АШЫҒУ — тағамның не оның құраушыларының жоқтығынан немесе жеткіліксіздігінен, сондай-ақ тағамның дұрыс қорытылмауынан болатын организмнің жағдайы. А-дың физиологиялық, патологиялық және емдік түрлері бар. Физиологиялық А. аңдардың қысқы ұйқы уақытында, балықтардың уылдырық шашу кезінде т.б. болатын қалыпты құбылыс. Патологиялық А. тамақ ішпегенде немесе астың құрамында кейбір заттар жетіспегенде, ас қорыту жүйесінің қызметі нашарлағанда болатын жағдай. Емдік ашығу семіздікті т.б. ауруларды тағам қабылдауды шектеу немесе толығымен тоқтату арқылы емдеу тәсілі ретінде қолданылады.