АШАМАЙЛЫ КЕРЕЙ —Қазақ халқының құрамындағы тайпа. Шежіре бойынша, Орта жүздегі керей (керейт) тайпалары бірлестігінен таратылады. Ашамайлы этнонимі жөнінде жорамал көп. Керейдің төр шежіресінде келтірілетін нұсқалардың бірінде — Ақарыстың бір баласы Дана биден Қоянбай, одан Сарыкерей, одан Қараби туады. Ашамайлы Керей мен абақ керей осы Қарабиден тарайды дейді. Шежірелік осы жүйеге Ш. Құдайбердіұлы да, тарихшы-этнограф Н. Мыңжани да айрықша мән берген. Қараби жастай қайтыс болған соң жесірі Шымыр деген баласын алып, төркініне көшіп кеткен. Үйсін Сарымырза жиенін ашамайға мінгізіп жүреді екен де сұрағандарға “менің ашамайлы керейім” дейді екен. Содан Ашамайлы Керей атанып кетіпті. Ашамайлы Керей де, абақ керей де Кіші жүздегі керейт те Орта жүзге кіретін тайпалар мен рулар дейді. Ашамайлы, Абақ жеке адам аттары емес, қолданған таңбаларына қарай (Х — ашамай, У — абақ) аталған, туыстас тайпалар одағы дейтін нұсқалар да бар. Түркі тілдерінде “омак”, “обак”, моғол тіліндегі “обак”, “обух” сөздерінің туыстастар “одағы” деген мағына беретінін дәлел ете отырып, бұлардың тайпалар бірлестігі екенін белгілі этнограф М. Мұқанов та алға тартады.
Ежелгі керей ұлысының тағдыры, ыдырауы, қайта қалыптасуы жазба деректерде 13 ғасырдан белгілі. Оңхан (Тұғырыл) билеген керей хандығын Шыңғыс хан 1202 жылы біржолата талқандаған. Шыңғысқа қарағысы келмеген елдің басым көпшілігі көршілес Найман хандығына ауысып, Ертіс алқабына, күнгей Алтайдан Есіл, Еділге дейін жеткен. Уақыт өте келе ежелгі ата мекеніне қоныс тепкен Керейдің бір бөлегі он екі ата абақ керей атанып, Қытайға қарайды да, Қазақстанның Солтүстік, Солтүстік-батыс өңіріне қоныстанған әулеттері он ата Ашамайлы Керей атанып, орысқа бодан болады. Олар: Сыбан, Балта, Көшебе, Ақсары, Құрсары, Семеналы, Нұралы, Нұрымбет, Ақымбет, Самай деген руларға, 60 бұтақты ұсақ аталарға жіктеледі. Негізінен Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында, Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданында тұрады. Өзбек, қарақалпақ, түрікмен халықтарының құрамында да Ашамайлы Керей аталатын рулар бар. Ұраны — Ошыбай, таңбасы — ашамай (х).