АХМЕТ ИБН ХЫЗЫР (туған жылы белгісіз — 1095) — Батыс Қарахан қағандығының үшінші билеушісі (1081 — 1095). ‘’Сатұқ Боғра ханның’’ 7-ұрпағы (Сатұқ Боғра хан — Мұса — Әли — Насыр Елік хан — Бөрі тегін — Ибрагим — Хызыр хан — Ахмет). Ахмет жөнінде ибн әл-Асир “… мінезі нашар жас билеуші болды, қол астындағылардан үнемі әр нәрсені тартып алып отырды, бағыныштылары одан қашып, сұлтанға (Мәлік шаһқа) құпия түрде хат жазды. Онда олар шаһтан көмек сұрап, елді жаулап алуын сұрады” деп жазды. Сонымен бірг Ахмет Мауераннахрдағы дін басыларының рөлін төмендету үшін оларға қысым жасады. Әкесі Ибрагимнің кезінде бас қази болған Әбу Насыр ибн Сүлеймен әл-Хасанды өлтірді. 1089 жылы Бұхара мен Самарқандты басып алған Салжұқ билеушісі Мәлік шаһ. Ахмет ханды қолға түсіріп, Исфаханға жіберді. Не себепті екені белгісіз, көп ұзамай Мәлік шаһ Ахметке билікті қайтарып берді. Дін басылары бүлік шығарып Ахметті тұтқынға алды да, садақтың кермесімен қылқындырып өлтірді. Бүлікшілер билікке Ахмет ханның немере туысы Масуд ибн Мұхаммедті отырғызды.