АХАЛТЕКЕ ЭКСПЕДИЦИЯЛАРЫ (1879 және 1880-81) — орыс әскерлерінің Ахал алқабын (Түрікменстан) иемдену мақсатымен Орта Азияға жасаған жорықтары. Ресейдің түрікмен тайпаларымен байланысы 18 ғасырдың ортасында, әсіресе 19 ғасырда қарқынды дамыды (сауда-саттық керуендері келді, 1869 жылы Красноводск қаласының негізін салды, Каспий жағалауындағы түрікмендерді бодандыққа қабылдады, т.б.). Патшалық Ресейдің Орта Азиядағы басқыншылық саясатының күшейе түсуі Ахалтеке экспедицияларының басталуына түрткі болды. Орыс отарлаушыларының дөрекі де бейбастақ қылықтарына төзе алмаған түрікмендердің ең іргелі тайпасы — теке руы қолдарына қару алып, басқыншыларға қарсы шықты. Ген. Н.П. Ломакиннің теке жұрты жайлаған Геок-Тепе (Деңгил-тепе) қорғанына жасаған шабуылы сәтсіз аяқталды (1979, 28 тамыз), орыс әскерлері кері шегінуге мәжбүр болды. 1880 — 1881 жылы Ахалтеке экспедицияларыныңн ген. М.Д. Скобелев басқарды. Ол 1880 жылы Красноводскіден Геок-Тепеге дейінгі аралыққа алдын-ала бекіністер орнатып, қоймалар салды; оқ-дәрі мен азық-түліктің тұрақты жеткізіліп тұруын қамтамасыз етті. 1881 жылы 12 қаңтарда орыс әскерлері (7 мыңға жуық адам, 100-ден аса зеңбірек) айқын әскери-техникалық басымдықпен Геок-Тепені алды. Қорғандағы 20 — 25 мың (кейбір деректерде 45 мың) көтерілісші бала-шағасымен қолға түсті. Оларда 5 мың ғана мылтық болды. Үш апта бойы жанқиярлықпен соғысқан теке руының қарсылығын қан-жоса етіп басқан орыс әскерлері 1881 жылы 18 қаңтарда Асхабад кентін (қазіргі Ашғабад қаласының) бағындырды. 1982 жылы Түрікменстан жерінде Кавказ уәлаятының құрамына кіретін Каспий жағалауы облысы құрылып, орталығы Асхабад болды. 1885 жылы Ахал алқабынан соң Атрек, Теджен, Мерв және Пендин өлкелері Ресей өкіметінің қол астына өтіп, түрікмен елі тәуелсіздігінен айырылды.