АФРИКА ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ АЗАТТЫҚ АЛУЫ

АФРИКА ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ АЗАТТЫҚ АЛУЫ — 2-дүние жүзілік соғыстан кейінгі жылдары ұлт-азаттық күрестің өсуі нәтижесінде Африка құрлығындағы халықтардың жаппай отарлық бұғаудан босануы. 2-дүние жүзілік соғыста Солтүстік Африканың едәуір жерінде соғыс қимылдары жүргізіліп, одақтас елдер армияларының құрамында оған африкалықтар, арабтар да қатысты. Соғыс біткен соң Африка халықтарының азаттық алуы бағытындағы негізгі оқиғалар басталды. 1945 —1950 ж. Азиядағы отарлық жүйенің әлсіреуі, халықар. саяси сахнадағы өзгерістер Африка халықтарының санасына үлкен ықпал етті. Африка халықтарының азаттық алуы бағытындағы қозғалыстар Египетте 1946 — 1952 жылы, Тунисте 1946 — 1948 ж., 1952 — 1954 ж., Алжирде 1954 ж., Мароккода 1952 — 1955 ж. шырқау шегіне жетті. Метрополия жаңа отаршылдық саясаттың түрлі әдіс-тәсілдерін іздестіре бастады. Бірақ Африка халықтарының азаттық алуына жаңа тарихи жағдайда бөгет жасау мүмкін емес еді. 1951 жылы 24 желтоқсанда Ливияныңтәуелсіздігі жарияланды. Египеттегі 1952 жылғы шілде төңкерісі Солтүстік Африка халықтарының азаттық алуынан соң кезек Сахараның оңтүстігіне, Оңтүстік Африкаға ауысты. 1957 жылы Африка халықтарының ортақ одағы құрылды. Оңтүстік Африкада 50-жылдарға дейін отаршыларға “бейбіт” қарсылық жасалса, 50-жылдардан кейін ашық ұлт-азаттық күрес өріс алды. Уганда, Мадагаскар аралы, Кения, Камерунда қарулы қақтығыстар болды. Экономикалық саяси күрес үдей түсті. Африка халықтарының азаттық алуы Африка халықтарының конференциясы, Африканың тәуелсіз мемлекеттерінің конференциясы үлкен көмек жасады. 1956 жылы Марокко, Тунис, Судан, 1957 жылы наурызда Англия отары Гана, 1958 жылы қыркүйекте Франция отары Гвинея, 1962 жылы Алжир тәуелсіздік алды. Күшпен ұстап тұруға шамасы келмейтін болған соң, батыс мемлекеттері көптеген отарларымен “бейбіт” түрде қоштасуға мәжбүр болды. 1960 жылы тарихта “Африка жылы” деген атаумен қалды. Бұл жылы Африкада 17 мемлекеттің тәуелсіздікке қолы жетті. 1956 — 1966 жылы 34 ел тәуелсіздік алды. Арабтардың ұлт-азаттық күресін жандандыра түсті. 1956 жылғы “Суэц дағдарысы” мен Египетке қарсы “Үштік шабуыл” Франция мен Францияның жеңілісімен аяқталды. 50-жылдары ұлттық езгіге қарсы күрес нәтижесінде Конгрестер Одағы (1952), Тәуелсіздік Хартиясы (1955), Оңтүстік Родезияда Африка кәсіподақ конгресі т.б. ұйымдар құрылды. 1960 жылы нәсілшілдерге қарсы жасалған бейбіт демонстрацияны Оңтүстік Африка Одағы қанға бөктірді. БҰҰ шешімімен бұл күн (21 наурыз) нәсілшілдікке қарсы Халықаралық күрес күні деп жарияланды. 1963 жылы Родезия Федерациясы тарады. 1964 жылы Малави мен Замбия, 1966 жылы Лесото мен Ботсвана, 1968 жылы Свазиленд тәуелсіздік алды. Бұрын отарлық билік жүргізіп келген мемлекеттер Африка халықтарының азаттық алуы қарсы ұзақ уақыт күрес жүргізді. Соған қарамай 1973-1980 жылдары Португалия отарлары — Ангола мен Мозамбик (1975), Гвинея-Бисау (1973), Сан-Томе, Принсипи т.б. елдер тәуелсіздік алды. Оңтүстік Африка Республикасында 1991 жылы ұлттық теңсіздік жойылып, 1994 жылы Н.Мандела елдің жергілікті халықтан шыққан тұңғыш президенті болып сайланды. Сөйтіп, ұлт-азаттық қозғалысы нәтижесінде халықтардың жанқияр күресі нәтижесінде Африка халықтарының азаттық алуы жүзеге асты. Қазіргі кезеңде Африкада 50-ден астам дербес мемлекет өмір сүріп отыр (1998).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *