АФРИГИД МӘДЕНИЕТІ — б.з. 5 — 8 ғасырлардағы Хорезм мемлекетінің қала және жеке бекініс ескерткіштерінің ғылымындағы жиынтық атауы. Алғаш 1938 — 1939 жылдары С.П. Толстов басқарған Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы зерттеген. Африга әулеті билеушілерінің құрметіне осылай аталған. Афригид мәдениетіне жататын Бүркітқала алқабындағы Құм қала, Үй-қала, “Африга мұнарасы” ескерткіштері зерттелген.
Кушан империясы тұсында ірі бекіністі көне қалалар орнына жекелеген зәулім мұнаралы қамалдар пайда болып, жер иеленушілердің оқшау үйлер салдырғаны анықталды. Бұл кезеңде мәдениет пен өнердің де жақсы дамығаны Тесікқала, Барақтам қаласы орындарын зерттеу барысында дәлелденді. Бекіністер екі қабатты, әр тұсында биікт. 8 — 10 м мұнаралары болған. Ол жат жұрттықтар шабуылынан қорғану үшін жасалған. Бекініс-қамалдарда суландыру жүйелері жақсы дамыған. Табылған теңгелер мен мөр үлгілері Кама бойынан табылған күміс табақшалардағы ою-өрнек, жазуларға ұқсас. Олар қазіргі кезде Санкт-Петербург Эрмитажында, Британия мұражайында көрмеге қойылған. Афригид мәдениетіне жататын ескерткіштер Қазақстан жеріндегі ортағасырлық Жеті Асар, Алтынасар, Жаңакент қалаларының топырақ қабатынан көптеп табылды. Құрылыс жүйелері де ұқсас. Зерттеу барысында темірден шыңдалған үш қырлы садақ жебесі, найза ұшы, дөңгелек көзді жүзік, домалақ моншақ т.б. табылды. Бұл археологиялық деректер 5 — 8 ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан арасында этникалық мәдени байланыс берік болғанын көрсетеді.