АУА ҚАПШЫҒЫ

АУА ҚАПШЫҒЫ, жел қабық, жел көбік — жоғары сатыдағы хордалыларда кездесетін іші ауаға толған қуыс. Оның қабырғасы жұқа, сыртқы сірілі және ішкі кілегейлі қабықтардан тұрады. Ауа қапшығы бақаларда ауыз қуысының артқы бөлігінде, кейбір сүтқоректілерде (мысалы, жылқыда, есекте, зебрде) көмекей маңында орналасып, дыбысты күшейтуге әсер етеді. Ауа қапшығы құстарда ерекше жетілген. Кейбір құстардың өкпесіндегі кеңірдектің өкпеден тыс бөлігі сыртқа шығып, қабырғасы жұқарып, ауа қапшығына айналады. Мұндай кеңірдектерді эктобронхтар деп атайды. Құс өкпесінде 9: бір бұғана аралық, екі-екіден мойын, алдыңғы және артқы көкірек, құрсақ ауа қапшықтары болады. Бұғана аралық ауа қапшықтар екі ұшы арнайы тесіктер арқылы тоқпан жілік қуысымен жалғасып, жілік қуыстарына ауа өткізеді. Ежелден қазақ халқы жан-жануарлардың өздеріне тән ерекше қасиеттеріне байланысты ауа қапшығын әр түрлі атпен атаған. Мысалы, жылқыдағы ауа қапшығы жел қабық деп аталады. Ат шапқанда, оның өкпесі ауаға толып, қанаттанып, ұшып келе жатқандай әсер қалдырады. Шауып келген жылқының ауа қапшығы босайды, оны қазақ аттың «желі басылды» деп атайды. Ал құстардағы ауа қапшығы жел көбік деп аталады. Құс ұшқанда өкпесі көбікке (ауаға) толып, салмақсызданып, әуеде жеңіл қалықтауына мүмкіндік береді. Құс аңға түскен немесе жемтігіне қонған кезде ауа қапшығы босайды да, құстың менш. салмағы көбейеді. Өсімдіктерде ауа қапшығы желмен тозаңданатын, негізінен қылқан жапырақтылардың гүл тозаңдарында болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *