АСТЫҚ ТҰҚЫМДАСЫ , қоңырбастылар (лат. Poaceae) – дара жарнақты бір және көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Жер шарында кең тараған. 650-дей туысы, 10 мыңнан аса түрі белгілі. Қазақстанның барлық облыстарына тараған 83 туысы, 418 түрі бар. Астық тұқымдасының тамырлары шашақты келеді, ал сабағы жұмыр, іші қуыс, бунақтармен бөлінген. Кейбіреуінің буын аралықтары жұмсақ ұлпалы (мыс., қант қамысы, жүгері, т.б.). Сабақтарының ұзындығы 1 – 2 см-ден 30 – 40 м-ге дейін, ал жуандығы 0,5 мм-ден 20 – 30 см-ге дейін жетеді. Сабаққа екі қатар кезектесіп орналасқан жапырақтары – жіңішке таспа, қандауыр, жұмыртқа тәрізді. Астық тұқымдасының гүлі көбінесе қос жынысты, кейбіреулері ғана дара жынысты (жүгері) болады. Олардың гүл құрылысы басқа өсімдіктерден өзгеше келеді. Көбіне гүлінің сыртын гүл қабыршағы қоршап тұрады. Бір немесе бірнеше гүлдерден топталған масақшадан – шашақбас, айдар, масақ, собық, сыпыртқы бас, яғни күрделі гүл шоғыры құралады. Астық тұқымдасының көбі жел арқылы тозаңданады. Жемісі – бір тұқымды дәнек, кейде жаңғақша. Жеміс қабығы (қауызы) тұқымға жабысып тұтасып біткен. Астық тұқымдасы түптену түрлеріне байланысты тамыр сабақты, селдір түпті және тығыз түпті болып үш топқа бөлінеді. Тамырсабақты Астық тұқымдасының түп өскіндері түптену буынына тік (перпендикуляр) бағытта шығып, өсімдік сабағына қатарласа өседі (мыс., бидайық, айрауық, қамыс, т.б.). Селдір түпті Астық тұқымдасының түптену буыны топырақ бетіне жақын орналасады (мыс., арпабас, сұлыбас). Тығыз түпті Астық тұқымдасының түптену буыны топырақ бетінде өседі (мыс., бетеге, қау, селдірек). Астық тұқымдасы шабындық пен жайылымдықтарда өсімдіктердің 1/3 бөлігін, орманды және далалы аймақтарда мал азығының 1/2 бөлігін құрайды. Астық тұқымдасының дәнді (мыс.: бидай, күріш, сұлы, арпа, тары, т.б.), мал азықтық түрлері де (мыс., шалғындық қоңырбас, жүгері, селеу, т.б.), арамшөптері де (мыс., қарасұлы, жасыл қонақ, түлкіқұйрық, т.б.) кездеседі. Астық тұқымдасытары сабандарын қағаз, тоқыма, химия өндірістері мен құрылыста қолданады. Сондай-ақ оларды мәдени орындарды көгалдандыру және құм тоқтату үшін де өсіреді.