АСТАМШЫЛЫҚ — философияда, психологияда, этикада қолданылатын ұғым. А. — адамның өркөкіректігін, менмендігін, тәкаппарлығын, басқадан өзін жоғары ұстап, өзгені көзге ілмейтіндігін аңғартады. А.-тың негізінде рухани жұтаңдық, мәдениетсіздік, адамшылықтың мән-жайын айыра білмеу жатыр. Астамшыл адамға кішіпейілділік, қарапайымдылық жетпейді. Мұхаммед пайғамбардың бір хадисінде: “Адам өз бауырың ғой, оған жек көріп қарамағын, жер бетімен жүргенде тым шіренбегін; Алла тағала даңғойлар мен мансапқорларды жақтырмас….” — делінген. Астамшыл кісі адамның адамнан артықшылығын байлықтан, барлықтан, биліктен, атақ-даңқтан іздейді. Мұның бәрі өткінші, уақытша екенін түсінбейді. “Адам баласы, — дейді Абай, — адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады”. “Мен боламын демеңдер, Аяқты алшаң басқанға, Екі көзің аларып, Құр қарайсың аспанға, Үйткен адам жолығар, Кешікпей-ақ тосқанға” — міне, А-қа берер Абайдың жауабы осы. А-ты намысқойлықпен, ұлттық мақтанышпен, адамның өзіне өзі риза болуымен шатастыруға болмайды. Кант бір кезде мақтанышпен: “Мен философияда коперниктік төңкеріс жасадым” деп жариялады. Өте орынды еді. Ол филос-ға таным жөніндегі жаңа көзқарасты енгізді. Махамбеттің: “Мен, мен едім, мен едім. Мен Нарында жүргенде, Еңіреп жұрген ер едім… Қай қазақтан кем едім? Бір қазақпен тең едім” — деуінде ешқандай А. жоқ; мұнда өзін өзі тану, өзінің дүниедегі орнын білу бар. Адам кейде өзіне өзі ризашылық білдіріп, тындырған істерін құптап, қошеметтеп отыруы керек. Бұл оның ілгері басуына түрткі болады. Өзін өзі сыйламаған адамды ешкім де сыйламайды.