АССИРИЯЛЫҚТАР , айсорлар (өз атауы — атурай) — халық. Жалпы саны 350 мың (1992) адам. Негізінен Иракта (120 мың), Иранда (100 мың), Түркияда (70 мың), Ресей Федерациясында (0,6 мың), Сирияда, Иорданияда, Ливанда, АҚШ-та, Грузияда тұрады. Тілі семит-хамит тілдер шоғырына жатады. Өздерін б.з.б. 2 — б.з. 7 ғ-ларда өмір сүрген Ассирия империясының мұрагеріміз деп санайды. Ассириялықтардың Иранның, Араб Халифатының, Моғолдардың, Осман империясының қол астында болуы себепті басқа халықтармен сіңісіп кетсе де, ғасырлар бойы өзіндік ерекшеліктерін сақтап қалған. Сирия жазуының негізінде қалыптасқан төл әліпбиі бар, христиан (несториан) дінін ұстанады. Несториандар 7-8 ғ-ларда қазақ жеріне келіп, Жетісуда, жергілікті тайпалар арасында өз діндерін таратпақшы болғаны тарихтан белгілі. Негізгі шаруашылығы егіншілік пен бағбаншылық. Иранда мал шаруашылығымен де айналысады, фольклоры өте бай.