АРАЛБАЛЫҚ, «Аралбалық» акционерлік қоғамы – балық өнімдерін өңдейтін кәсіпорын. Арал теңізінің балық байлығы 19 ғ-дың аяқ кезінен игеріле бастады. Әсіресе Ташкент темір жол іске қосылғаннан кейін (1905 ж) теңіз жағасында орналасқан елді мекендерде шағын балық кәсіпшіліктері дами түсті Алғашқы жылдары балық аулаумен Аван, Бөген, Қазалы, Қызылорда балық зауыттары айналысты. Мұнда Қамысбас, Ақшатау, Ақирек, Райым, Шөмішкөл сияқты су қоймалары мен тоғандарында балық өсіріле бастады. Арал кеме жөндеу зауытында қайықтар мен қуаты 20 – 40 ат күші бар ұсақ су кемелері шығарылды. Кейін осы шаруашылықтың негізінде Арал қаласында Арал балық комбинат құрылды. Оның құрамына Бөген және Қуандария мемлекет балық аулау базалары, Ақтөбе, Қызылорда, Қазалы және Арқалық балық зауыттары енді. Өндіретін негізгі өнімдері: тоңазытылған, ысталған, кептірілген балықтар, жартылай фабрикаттар, тұздалған өнімдер мен аспаздық тағамдар, т.б. Балық өнеркәсібінің нарық экономикасына көшуіне байланысты комбинат «Аралбалық» акционерлік қоғамы болып қайта құрылды. Оның өнімдері шетелдерге де шығарылады.