АСПАНДИЯРОВА (Асфендиарова Гүлсім (Үммигүлсім) Жафарқызы) (12.11.1880, Шымкент —1941, Ташкент) — қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі. Әкесі 1881 ж. қаңтарда Түркістан генерал губернаторлығы кеңсесіне ауысып, содан бастап Ташкентте тұрған. Ташкент қаласындағы әйелдер гимназиясының жеті жылдық курсын (1891 — 1899), Санкт-Петербург әйелдер медицина институтын (1901 — 1908) бітірген. Институтты бітіргеннен кейін Сырдария облысы Шымкент уезінің 3-учаскесінде, кейін Ферғана облысының Пап бөлімшесінде дәрігер болып істеген.
1913 жылдан Ташкент қаласындағы әйелдер босанатын үйдің бас дәрігері (1913) болды. 1920 ж. Аспандиярова Ташкент қаласында мұсылмандар ұйымының Түркістан өлкелік бюросының өтінішімен жергілікті халықтардан шыққан әйелдер үшін акушерлік мектеп ұйымдастырды, әрі сол мектептің меңгерушісі және оқытушысы болды. 1924 ж. бұл мектеп Ю.Ахунбабаев атынд. медициналық техникумға қосылды. Аспандиярова өмірінің соңына дейін осы техникумда дәріс берді. Ол оқытқан шәкірттерінің арасынан кейін Орта Азия мен Қазақстанның көрнекті мед. ғалымдары өсіп шықты. Аспандиярова жергілікті ұлт өкілдері арасынан мед. мамандарын даярлауда үлкен еңбек сіңірген, сонымен бірге қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан. Ташкент қалалық Кеңесіне бірнеше рет депутат болып сайланған.