АСАУ ҮЙРЕТУ

АСАУ ҮЙРЕТУ — жүген-құрық тимеген, қолда ұсталынбаған асау жылқыны жүгендеуге, ерттеуге, мінуге, жегуге үйрету. Асау жылқының 2 түрі болады: ту асау — жүген-құрық тимеген жылқы; бас асау — ноқта, жүген кигізбейтін жылқы. Бие байлайтын үйлерде жылқыны құлынынан ноқтаға, жетекке шошындырмай, сылап-сипап үйретеді. Осылайша бастыққан құлынды құнан, дөненінде де мініске оңай үйретуге болады. Алдымен жылқыны ерттеп немесе жегу әбзелдерін кигізіп дағдыландырады. Мұнда жылқыны сабауға, ауыздықпен езуін жырта тартуға болмайды. Жылқы мінезіндегі ерекшелікті де сезіну керек. Егер ат арбаға немесе шанаға жеккенде тебетін болса, онда қыл құйрығын екіге бөліп оқтыққа байлайды, сонда жылқы тебе алмайды. Мініс жылқысында үзеңгіге аяғың ілінер-ілінбесте шаба жөнелетін асаулар да кездеседі. Мұндайда жүгенге көздің тұсынан “қарақшы” былғары тігіледі. Шалқалап құлайтын асауларға ер салып міну өте қауіпті. Оған алдымен құм толтырылған қап артады да бір атты адам асауды шылбырынан жетектейді, 2-атты адам қамшымен айдайды. Асау әбден шаршап, шалқалап құлауын қойғанда, үйретуші бірден секіріп мінеді де, тізгінді қолға алады. Сонда асау еркін шаба жөнеледі. Қапты тесіп, құмды бірте-бірте сусытып тауысады. Арыны басылған жылқы ептеп тізгінге көнеді. Асауды көп шаршатпай таң асырады. Шын бапкер асауды қант беріп, терін үгіп, сылап-сипайды, суарып, жемдейді, сөйтіп тез-ақ қолға үйретіп алады. Әбден машықтанғанша асауды тек бір адамның бағып-күткені жөн.  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *