АРЫЗДАСУ — хал үстінде жатқан адамның туыс-туғандарымен соңғы рет тілдесіп, қоштасуы, ақырғы сөзі. Мұны “ бақұлдасу» деп те атайды. Бұндайда ол ағайын-туғанын жиып, тіршілікте артық-кем кеткен істері мен сөздеріне кешу сұрайды, мойнындағы қарызын өтейді. Осылайша, бір-бірінен ада-күде арылып болған соң, о дүниелік болар адам, егер ақсақал жасына жеткен жан болса, онда кейінгіге арнап өсиет сөз айтады. Ол өлген соң өзін қай жерге қоюдан бастап, адам баласының бұл дүниеге аз күн қонақ екендігі, өмірдің өткінші, баянсыздығын әңгіме етіп, сол себепті тіршілікте ағайын араздығы, дүниелік наразылықтан бой жиып, әреке емес, береке-бірлікте ғұмыр кешуді өсиет етеді. Мұны ертеде “керез сөзі” деген.