АРХИВТАНУ – архивтерге байланысты білімдердің кешенді жиынтығы.Оған архив ісінің теориясы мен практикасы, архивтердің құрылымы, қызметі мен тарихы, ғылыми мәні бар құжаттардың іріктеп алынып, сақталуын қамтамасыз етудің әдістері мен жолдарының, құжаттардың ғылыми-анықтамалық аппаратын жасаудың, архив қорларын пайдалануды ұйымдастырудың негізгі принциптері жатады. Архивтану тарих пен мемлекеттік-құқықтық практиканың ұштасқан тұсында пайда болып, қосалқы тарихи пән ретінде қалыптасып, кейін тарих ғылымының қосымша саласына айналды. Архив құжаттарын пайдаланудың түбірлі өзгерістерге ұшырауы, мемлекеттік, салалық және жеке адамдар архивтерін қалыптастыру қызметі ауқымының кеңейе түсуі, тарихи мұралардың мемлекеттік істерді жүргізуде, идеологияда, әлеум. басқару мүддесіне қолданылуы, ғылыми және шығармашылық жұмыста алатын орнының барған сайын артуы архивтанудың аясын кеңейте түсумен қатар оның маңызын да өсірді.