АРА БАЛЫ, бал — жұмысшы бал арасының гүлді өсімдіктердің шырынынан өңдеп шығарған өнімі; қоймалжың, тәтті сұйық. А. б. бір шырынды және көп шырынды болып бөлінеді. Б і р ш ы р ы н д ы б а л — тек өсімдіктің бір түрінен ғана жиналған шырын. Оны өсімдіктің түріне (қарақұмық балы, жөке ағашының балы, т.б.) қарай атайды. Көпшырындыбал — өсімдіктердің бірнеше түрінен жиналған шырын. Мұндай балды табиғи бал беретін өңірлерге байланысты (дала балы, тау балы, бақ балы, т.б.) әр түрлі атайды. Балдың хим. құрамы шырын жинаған өсімдіктердің түріне, топырағына, ауа райының жағдайына және балдың түрлеріне байланысты болып келеді. Гүл балының құрамында 12 — 13% су, 0,4% белок, 0,3% күл, көмір сутегі, глюкоза, жүзім қанты, фруктоза (жеміс қанты, сахароза, мальтоза т.б.) бар. Сондай-ақ В„ В5, А, С, Н, Е, К витаминдері, минералды тұздар, ферменттер және хим. элементтер (калий, кальций, фосфор, хлор, күкірт, натрий, темір, марганец, мыс, т.б.) кездеседі. Олардан басқа алма, жүзім, қымыздық, т.б. қышқылдар болады. А. б-ның сапасын, негізінен, хош иісі, дәмі, түсі, тығыздығы, ылғалдылығы, қоректік және жабысқақтық қасиеттері арқылы ажыратады. Бал — қуаты жоғары тамақтық азық. Оның 1 кг-ы 3150 кал қуат береді. Бал адам организмін витаминдермен, белокпен, ферменттермен, т.б. тіршшікке қажетті заттармен байытады. Сондай-ақ балды асқазан, бауыр, бүйрек, жүрек, өкпе, жүйке ауруларын емдеуге және суық тигенде қолданады. А. б-н косметикада, дәрі жасау өндірісінде пайдаланады. Балды құрғақ, жақсы желдетілген бөлмеде 5°С- тан 10°С-қа дейінгі темп-рада сақтайды.