АРАЖЕГІШ ҚАРШЫҒА (Pernis apivorus) — сұңқар тәрізділер отрядының қаршыға тұқымдасына жататын жыртқыш құс. Қазақстанның батыс аудандарында, Тянь-Шань тауларында кездеседі. Дене тұрқы 45 — 62 см, қанатының ұз. 37 — 47 см, салм. 500 — 800 г-дай. Тұмсығы онша биік емес, танау тесігі саңылауланған және көлбеу орналасқан. Езуі мен маңдайы бірін-бірі бастыра өскен қысқа қауырсыншалармен тығыз жабылған. Сондықтан оны ара шаға алмайды. Тырнақтары үшкір болғанымен әлсіз, арқа жоны қоңырқай, мойны ақшыл, бауыры қошқыл қоңыр не шұбар болады. Жеңіл ғана қалықтап ұшады. Ұясын ағаш басына салады, кейде құзғын, қарға, т.б. құстардың ұяларын пайдаланады. Мекиені 2 — 4 жұмыртқаны 33 — 34 күн басады, балапандары 40 — 45 күнде ұядан ұшады. Негізгі қорегі — ұсақ жәндіктер жөне шоғырланып тіршілік ететін аралар. А. қ. — жыл құсы. Сәуірде ұшып келіп, қыркүйекте қоныс аударып, Оңт. Африкада қыстайды.