АНТ СУ ІШУ — қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мәдениетінде қалыптасқан, билер соты іс қарағанда пайдаланған рәсім. Билер сотына тартылған куәгер жауап берер алдында су ішіп, “өтірік”, “жалған” айтпауға ант берген. А. су і. арқылы жауап беру, негізінен, әйелдерге, малайларға, “сенімнен шыққан” адамдарға міндетті деп таныған. Ел арасында А. су і. рәсімі бір-біріне уәде бергенде, серт еткенде де жиі қолданылған. Берген сөзін, антын орындамаған жағдайда “Ант ұрсын”, “Ант атсын” деп қарғаған.