АНТРАЦИТ [грек. anthrax (anthrakos) — көмір] — көмірленудің ең жоғарғы дәрежесіне жеткен көмір. Сыртқы белгілері: түсі қара сұр немесе сұр қара, металдай жылтыр, құрылымы әр түрлі, қолға жұқпайды. Эндогенді жіктер мен сызаттарының арасы 2 — 20 мм, кейде 80 мм болып келеді. Меншікті салм. 1,37 — 1,68 г/ см3, органик. массасының меншікті салм. 1,5 — 1,8 г/см3, ылғалд. 1 — 3%, газ бөлінуі 24 %. Хим. құрамында 94 — 97 % көміртек, 1 — 3 %-тей сутек пен оттек, 1—2 %-тей күкірт пен азот бар. Жылу қуаты 8,1 — 8,2 мың ккал/кг, кокстегенде түйіршіктері бірікпейді. А. жақсы электр өткізгіш, өздігінен тұтанбайды, қасиетін өзгертпейді, ұзақ уақыт сақталады. Каротаж диаграммаларында А. қабаттары электр өткізгіштігімен ерекшеленеді. А. домна пештерінде пайдаланылады, жіксіз таза кесектерінен ток өткізгіш электрод жасайды.