АННЕКСИЯ (лат.annexus — қосып алу) — бір мемлекеттің екінші бір мемлекет территориясын заңға қайшы жолмен (басып алу, бөліп алу) өзіне қосып алуы. А., әсіресе, отарлық экспансияның құралы ретінде жиі пайдаланылды (19 ғ-дың ақырында АҚШ-тың Гавай аралдарын, 1908 ж. Австрия-Венгрияның Босния мен Герцеговинаны, 1914 ж. Ұлыбританияның Кипр аралын өзіне қосып алуы). 2-дүн. жүз. соғыс кезінде фашистік мемл-тер өздері басып алған терр-ларды аннексиялады.
А. халықар. құқықты дөрекі бұзушылық болып саналады. Оның нәтижелерінің заңсыздығы Нюрнберг әскери трибуналының (1.10.1946) үкімінде, сондай-ақ бірқатар халықар. актілерде, атап айтқанда, БҰҰ-ның мемл-тердің ішкі ісіне араласуға жол бермеу, олардың тәуелсіздігі мен егемендігін қорғау туралы декларациясында (1965), мемл-тер арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастыққа қатысты халықар. құқықтың принциптері жөніндегі декларациясында (1970), агрессияны анықтау туралы қарарында (1974), Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықжөніндегі кеңестің қорытынды актісінің ережелерінде көрсетілген.