АННА ИОАНОВНА (1693 — 1740) — Ресей патшасы (1730 — 40), Петр І-нің немере қарындасы. Оның патшалығы тұсында дворяндардың құқықтары кеңейтілді (1730, 1731, 1736 жылдардағы жарлықтар). Сыртқы және ішкі саясатта А. И-ның сүйіктісі жат жұрттық Э.И. Бирон үлкенрөл атқарды. Ресей 1733 — 34 ж. “поляк мұрагерлігі” үшін болған соғысқа, 1735 —39 ж. орыс-түрік соғысына қатысты. Қырым хандығын жаулап алды (1736 — 38). А.И. кезінде Әбілқайыр хан Ресейдің қоластына енді (алғашқы ант 1731 ж., екіншісі 1738 ж. қабылданды). Қазақстанда Ресей империясының отарлау саясатын А.И. кезінде А.И. Тевкелев, И.К. Кириллов, В.Н. Татищевтер белсене жүргізді.