АНАНЬИН МӘДЕНИЕТІ — б.з.б. 7 — 3 ғ-дағы Еділ мен Орал өңірін, Кама мен Вятка өзендерінің бойын мекендеген көне тайпаларға тән қоныстар мен зираттар тобының жиынтық атауы. Татарстандағы Ананьин а. маңынан табылған. Алғаш 1958 ж. зерттелген. Зираттар жер бетінде анық көрінбейді. Оларды қабірлердегі құлпытастардан ғана байқауға болады. Акоза, Тетюш, Новомордва-1, Луговской, Ананьин, т.б. зираттардағы мәйіттер үстінде қимасы жоқ (алғашқы кезде қима үлгісімен жасалған ағаш жәшіктер болуы мүмкін) қарапайым топырақ қабірлерге аяғын, кейбіреулерінде басын өзенге қаратып қойған. Ішінара мәйітті өртеу әдісі де қолданылған. Қоныстары шағын (100 — 120×50 — 70 м), бірақ айналасы топырақ жалдармен, орлармен, кейде айнала ағаш қоршаулармен бекітілген. Тұрғындардың негізгі кәсібі — егіншілік, мал ш., аңшылық, балық аулау болған. Қыш ыдыстар, тас, мыс, қоладан және темірден жасалған орақ, пышақ, дән үккіш, келі сияқты бұйым түрлері көп сақталған. Қола мен темірден жасалған түрлі қару-жарақ: найза, жебе ұштары, балта, қанжар, семсер, т.б. жиі кездеседі. Ананьин зиратынан табылған құлпытастағы сарбаз бейнесі жергілікті тұрғындардың ежелгі сақтар сияқты киінгенін көрсетеді. Сарбаз басына төбесі шошақ тымақ, шалбар мен қысқа қамзол киіп, сыртынан ақинақ, балта сияқты қарулар ілінген жауынгер белдігін тағынған. Олар көршілес жатқан дала тайпаларымен байланыста болған. А. тайпалары қазіргі удмурт, коми халықтарының арғы тегі болуы мүмкін.