АНАЛИТИКАЛЫҚ ФИЛОСОФИЯ

АНАЛИТИКАЛЫҚ ФИЛОСОФИЯ — Батыс философиясында 20 ғ-да пайда болған бағыт. Негізінен, ағылшын тілдес елдерде таралған (Ұлыбритания, АҚШ, Австралия және т.б.). Ол зерттеулердің логик.-матем. тәсілдері қарқынды дамып, 19 ғ-дың соңында ғылымда кеңінен таралуы нәтижесінде қалыптасты. А. ф. термині неопозитивизм мағынасында да жиі қолданылады. А. ф. шеңберінде екі тарихи форма ажыратылады: логикалық эмпиризм (атомизм) және лингвистикалық философия.

А. ф-ның негізін салған ағылшын философы әрі математигі Б. Рассел (1872 — 1970). Расселдің аналитикалық тәсілі лингвист. талдаумен ажырамас байланыста болды және даулы немесе түсініксіздеу пікірді айқын және ақиқат пікірге әкеліп саятын әрекет болып табылды. Оның идеяларына жақын идеяларды ерте шығармашылық кезеңінде Л. Витгенштейн мен 1922 құрылған Вена үйірмесінің өкілдері (М. Шлик, Р. Карнап және т.б.) де айтты. “Атомарлық фактілерді” (протоколды сөйлемдерді) негіздеудегі сәтсіздіктер А. ф-ны логик. мәнінен бөлектеп, таза лингвист. талдауға айналуына (трансформациялануына) әкеп соқтырды. А. ф-ның бұл өкілдері ақиқат ұғымынан бас тартып, конвенционалшылдар — білімдегі қызмет етуші деректердің шарттылығы мен салыстырмалылығын жақтаушылар қатарына өтті. Кейін Витгенштейн зерттеуші міндетін тек сөздер мен пікірлердің қолданылуын айқындауда деп білді. Ол сөздердің жалпы мағыналық сипаты жоқ және олар сөйлем құрамына тәуелді деп санады. Витгенштейнмен қатар осыған ұқсас идеяларды Оксфорд және Кембридж мектептерінің философтары (Дж. Остин, Дж. Уиздом, т.б.) да ұсынды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *