АНАДЫР — Ресей Федерациясының Магадан обл. мен Чукот ұлттық округіндегі өзен. Ұз. 1150 км, су жинау алабының ауд. 191000 км2. Анадыр тау үстіртінің орталық бөлігінен бастау алады. А. оңт-ке қарай ағып, ойпатқа шығады, одан тау жоталарын айнала отырып, бірнеше мәрте бағытын өзгертіп, шығысындағы Беринг т-нің Анадыр шығанағына құяды. Өзеннің жоғарғы ағысындағы аңғарлары тар келеді, төменгі аңғарлары жазықтау, тарамданып ағады. Басты салалары: Яблон, Еропол, Майн, Чинейвеем, Белая, Танюрер. Өзен қар және жаңбыр суымен толысады. Құяр сағасынан 254 км жоғарыдағы көп жылдық орташа ағыны 1000 м3/с. Қазан айының ортасында қатады. Мұзы мамырдың аяғында ериді. Кішігірім су кемелері жүзе алады. Төменгі сағасында балық ауланады. Алабында көмір кеніштері бар.