АЛЬГАМБРА — Испанияның Гранада қ-нда 14 ғ-да салынған мұсылман сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші. Солт. Африка мұсылмандары — маврлар 8 ғ-да Испанияны жаулап алғаннан кейін мықты бекініс-қамалдар сала бастады. 12—14 ғ-да маврлар мемлекеті христиандар тарапынан үздіксіз шабуылға ұшырады. Ақыры христиандар 13 ғ-да Кордованы алғаннан кейін, Гранадаға қашқан маврлар шұғыл әл-Қасиба бекінісін тұрғызды. Бекініс айналасы ұзақ шабуылға төтеп беретіндей қарауыл мұнаралы қорған-қабырғамен қоршалды. Бекіністі арабтар “әл-Хала әл- Хамбара” (“Қызыл қорған”) деп атады. Бірак тарихта испанша Альгамбра деген атауымен қалған. Жүсіп I (1333 — 1353) және Мұхаммед V (1353 — 1391) корольдердің заманында жасалынған ішкі сұлулығы әлі күнге таң қалдырады. Ішіне 40 мың әскер еркін сиып кететін қамал залдары мен галереялары, фонтандары мен әсем аркалары үйлесімді бояуларымен, әсем ою өрнектерімен ерекшеленеді. Таяу және Орта Шығыс архит-на тән сталактит өрнектері А-да үйлесімді қолданылған. Шөлейтті жерлерді мекендеген маврлардың суды жоғары бағалауы қиял шарықтататын фонтандардан көрінеді. Ал орт. фонтанды мәрмәрдан жасалған 12 арыстан көтеріп тұрған “Арыстандар ауласы” А-ның айрықша бөлігін құрайды. Ол бұдан 300 жыл бұрынғы қалпын сол күйінде сақтаған. Араның ұясы тәрізді өрнектелген аркаларды көтеріп тұрған нәзік мәрмәр колонналар, Жүсіп I салдырған Әділет залындағы ортағасырлық мұсылман бейнелеу өнерінің үлгілері, қабырғалардың біріндегі “Дүниеде Гранадада тұрып, соқыр болудан өткен қасірет жоқ” деген жазуға дейін алғашқы қалпын жоғалтпаған. 1492 ж. христиандар маврларды біржолата жеңіп, А. мұнарасына крест орнатты. 1526 ж. Испания королі Карл V қамал ішінен итальян мәнеріндегі өз сарайын салғызды. Бірақ А. маврлардың жер бетінде қолдан жасалған жұмағы, әлемдік мәдениет тарихында мұсылман өнерінің ескерткіші ретінде аты шықты және солай сақталып отыр.