АМАЗОНА

АМАЗОНА — Оңт. Америка құрлығында орналасқан, дүние жүзіндегі ең ірі өзен. Өзеннің сағасын 1500 ж. испан теңізшісі В.Я. Пинсон ашқан. Өзен арнасымен 1541 ж. алғаш рет испан конкистадоры Ф. де Орельяка саяхат жасаған. Жергілікті тұрғындар оны Парана-Тинга (Ақ өзен) және Парана-Туасу (Ұлы өзен) деп атайды. Алабының ауд. 7,2 млн. м2, ұз. Укаяли бастауынан есептегенде 7000 км-ден асады. А- ның негізгі ағысы экватор мен 5° оңт. еңдік аралығында, яғни біркелкі әрі аса ылғалданған аймақта (жауын-шашынның жылдық мөлш. 1500 — 3000 мм) жатыр. Анд тауынан өткен соң, өзен Амазона ойпатына шығып, оң жақтан келген Укаяли өз-мен қосылып Ұлы А. өз. басталады. Ол батпақтанған жазықпен, ылғалды экваторлы ормандардың арасымен ағады. Мұхиттан 350 км қашықтықта әлемдегі ең үлкен атырау түзеді (аум. шамамен 100 000 км2). Өзенге көптеген салалар құяды, олардың 20-ға жуығының ұз. 1500 — 3500 км болады. Укаяли мен Мараньон өз-дері қосылғаннан соң, оның арнасының ені 2 км, орта ағысында 5 км, құйылысында 80 — 150 км-ге жетеді; суының тереңд. орта ағысында 70 м, Обидус қ. тұсында 135 м-ге, ал құйылысында 15 — 45 м-ге дейін барады. А-ның салалары бір-бірінен тек мөлш. мен сулылығы жөнінен ғана емес, суларының түсімен де ерекшеленеді. Өзеннің гидрологиялық режимі өте күрделі әрі ерекше келеді. Алаптары екі жарты шарда орналасқандықтан, жылдың түрлі мезгілдерінде жауын-шашынның аз не көп жаууына байланысты әр түрлі тасқындар болып тұрады. Оңт. салалары сулылығының молдығымен ерекшеленеді, сондықтан мамыр, шілде айларында А-ның ең жоғары деңгейі байқалады. Орташа су шығыны 175 000 м3/с, ал орташа жылдық ағындысының көл. 5520 км3 шамасында. Әлемдегі өзендердің жалпы жылдық ағындысының 15 — 17%-і осы өзеннің үлесіне тиеді. А-ның өсімдік және жануарлар әлемі өте бай. Балықтардың 2000-ға жуық түрі бар (жер шарының жалпы тұщы су фаунасының 1/3 бөлігі). Өзеннің басты арнасы құйылысынан 4300 км-ге дейін (Понго де Мансериче шатқалына дейін) жүзетін болса, құйылысынан 1690 км қашықтыққа (Манаус к-на) дейін үлкен мұхит кемелері жүзе алады. А-ның энергет. мүмкіндігі өте мол (қуаты 280 млн. кВт шамасында бағаланады), бірақ ол пайдаланылмайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *