АМАЗОНА ОЙПАТЫ

АМАЗОНА ОЙПАТЫ — Оңтүстік Америкада орналасқан дүние жүзіндегі ең үлкен ойпатты жер. Ауд. 5 млн. км2. Анд тауынан Атлант мұхиты жағалауына дейін Гвиана және Бразилия таулы қыраттары аралығын және Амазона өзенінің алабын (7,2 км2) алып жатыр. Оңт. Америка платформасының синеклизасы, палеозойдың теңіздік шөгінділерімен толған, беткі бөлігі мезозой-кайнозой шөгінділерімен жабылған. Жер бедері тегіс, тіпті Анд тауының етегінде абс. биікгік 100 м-ден аспайды. Қойнауында мұнай (Нова-Олинда, Капауари, Капауана кен орындары), марганец кентасы, тас көмір кездеседі. Оның батысы мен орталық бөлігі нағыз экваторлық ылғалды климат типіне жатады; ойпаттың солт., оңт. бөліктерінде ылғалды кезең әрбір жарты шардағы жаз маусымына сәйкес келеді. Жауын-шашын жыл бойы жауады, құрғақ кезеңде күрт азаяды. Оның жылдық мөлшері 1500 — 3000 мм аралығында. Орташа айлық темп-ра бүкіл жыл бойына 24 — 27°С аралығында, түннің өзі салқындамайды, ауаның ылғалдылығы жаңбырлы кезеңдерде 95%-тен кем болмайды. А. о. Батыс А. о. жөне Шығыс А. о. болып екіге бөлінеді. Батыс А. о- ның жер бедері кең жазық (1300 — 1600 км) болып келеді. Жыл бойы экваторлық ауа массасының әсерінен жауын-шашын өте мол жауады (3000 мм-ден 6000 мм). Мол сулы өзендер мен қалың ну орман ылғалдың көп болуына әсер етеді. Кең жазықты түгелге жуық дүние жүзінде құрамы мен құрылымы жағынан теңдесі жоқ ылғалды экваторлық ну орман — гилея алып жатыр. Ормандағы бірнеше қабатгы (ярусты) болып өсетін ағаштардың биікт. 80 м, кейде 100 м-ге дейін жетеді. Өсімдіктердің 1/3 бөлігі сол жерге ғана тән эндемиктер болып есептеледі. Онда ағаш басында немесе суда тіршілік ететін жануарлар мекендейді. Оның ішінде тұщы судың ең жыртқыш — пиранья мен ең ірі — арапаима (ұз. 5 м, салм. 200 кг астам) балықтары тіршілік етеді. Құстар, бауырымен жорғалаушылар, улы жәндіктер өте көп және алуан түрлі реңді болып келеді.

Ш ы ғ ы с А . о. 60° батыс бойлықтан шығысқа қарай орналасқан. Мұнда ылғалдың мөлш. азайып, құрғақ белдем басталады, климат нағыз субэкваторлық сипатқа ауысады. Осыған байланысты қызыл топырақтағы саванна, сирек орман және жапырағын оңай түсіретін ағаштардың үлес салмағы артады. Ылғалды жасыл ормандар өзен аңғарларындағы аллювийлі лайлы топырақта сақталған. Су басып жатқан жерлерде виктория-регия гүлді өсімдігі көп тараған.

Неғұрлым құрғақ жерлерде орхидеялар, лианалар мен эпифиттер, папоротник, банан, бромелия жиі кездеседі. Жануарлар дүниесінің гилеялық түрлері сақталған. Бұл бөлікте Амазона өз. өте қуатты, мол сулы өзенге айналады. Себебі өзен өзіне құятын барлық салаларды қосып, арнасы кеңейіп, құйылысына жақындаған жерде 80 км-ге, ал өзен құйылысында 150 км-ге жетеді. А. о-ның ылғалды ағаштары кесіліп, ол өз тарапынан табиғи ландшафтқа өзгерістер әкелуде. Сонымен қатар көліктерден бөлінетін улы газдар мен ауыр металдар қоршаған ортаға көп зиян тигізуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *