АЛЮМОСИЛИКАТТАР — силикаттар класындағы минералдар тобы; қос элементті алюмокремний қышқылдарының тұздары. Кристалдық құрылымының негізін кремний-оттек тетраэдрі (SiO4) мен алюминий-оттек тетраэдрі (А1O4) қалайды. Бұл екі тетраэдр бір-бірімен ортақ оттек атомымен байланысқан. А. шексіз үш өлшемді каркас немесе жазық торлар, кейде шеңберлер, жеке немесе қосақталған тізбектер түзейді. Сондықтан олар каркасты (дала шпаты, фельдшпатоидтар, цеолиттер), қатпарлы (слюдалар, хлориттер, пренит), сирек жағдайда сақиналы (кордиерит), тізбекті немесе ленталы (мүйіз талшық) болып келеді. А-дың құрылымы қатаю темп-расы мен кристалдану жылдамдығына байланысты. А. құрамындағы катиондар ішінде натрий, калий, кальций басым, магний мен темір аз, литий мен барий өте сирек кездеседі. А., негізінен, жеңіл (меншікті салм. 2,9 г/см3), ашық түсті. Олар тау жыныстарын құраушы негізгі минералдар: литосфераның жоғарғы бөлігінің 50%-ін құрайды, граниттердегі мөлш. 65 — 75%-ке жетеді. А. үгілу процестері нәтижесінде алюминийдің гидросиликаттары — каолин, гидрослюда және саз минералдарына айналады. А. (сілтілі дала шпаттары, кейбір слюдалар, нефелин, лазурит, т.б.) бағалы шикізат болып табылады.