АЛТЫН ҚОРЫМЫ — сәулет өнері ескерткіші. Атырау обл. Махамбет ауд. Ортақшыл а-ның солт.-шығысында 4 км жерде орналасқан. 1988 — 89 ж. “Казреставрация” ин-тының экспедициясы (жетекшілері А.У. Итенов, Н.Д. Көлбаева), 1990 ж. Қазақстан ЕА-ның Батыс Қазақстан этногр. экспедициясы (жетекшісі С.Е. Әжіғалиев) зерттеген. Құрамында 19 — 20 ғ-ларға жататын 200-ден астам дәстүрлі құрылыстар бар. Қорымда белгілі қоғам қайраткері Айтуар би жерленген. Ескерткіш ішінде “төртқұлақ” деп аталатын төртбұрышты қоршаулар мен тас үйінділер сақталған. 19 ғ-дың 2-жартысына жататын “үйтам” үлгісімен, өңделмеген кірпіштен көтерілген 4 күмбез бар. Кіретін бөлігі порталды оңт. қасбетінде орналасқан. Қорымның батыс жағында құлпытастар орнатылған. Биікт. 3 м-ге дейін жететін көлемділері де бар. Ерекше дараланатыны: дөңгелек тәрізді, өн бойында эпитафиялық жазуы бар және тасқа айналған ағаш іспеттес (“қада тас”) құлпытастар.