АЛТАЙ ЕСКЕРТКІШТЕРІ — көне дәуір ескерткіштері. 18 ғ- дың басынан зерттеле бастады. 1713 ж. көне зираттарды тонаушылар (“бугровщиктердің”) ұрлаған асыл бұйымдар Ресей патшасы Петр І-ге жетіп, “ Петр І-дің Сібір коллекциясы” аталған археол. коллекция жасалынды. Сол бұйымдар қазіргі уақытта Санкт-Петербургтегі Эрмитажда қымбат экспонат ретінде сақтаулы. 18 ғ-дың 30 — 40- жылдарынан бастап Алтай жеріне геогр. экспедициялар жіберіле бастады. Оларға саяхатшы-ғалымдар Г.Ф. Миллер (1733 және 1744), П.С. Паллас (1770) жетекшілік етті. Миллер өлкедегі тарихи ескерткіштер туралы тұңғыш еңбек жазып, Ресей мен Еуропа елдеріне паш етті. 1865 ж. түрколог-ғалым В.В. Радлов Бұқтырма өз-нің бойында Берел жазығында ерте темір дәуіріне жататын “Берел” обасын қазып, зерттеді. 1911 ж. А.В. Андрианов батыс Алтайда Черновая, Солнечные Белки, Майемір деген жерлерде көшпелілер обаларын ашты. 1927 ж. С.И. Руденко Қатон- қарағайда, 1956 — 65 ж. С.С. Сорокин Берел, Күрті, Қатын, Құмай маңында, 1997 ж. бастап Шығыс Қазақстан археол. экспедициясы (жетекшісі 3. Самашев) алғашқы темір дәуірінің ескерткіштерін зерттеді.
А. е-ндегі мүрделердің жерлену дәстүріне, табылған бұйымдарының ерекшеліктеріне қарай хронол. жағынан төрт кезеңге бөлуге болады: Күрті (б.з.б. 8 — 7 ғ.), Майемір (б.з.б. 7 — 6 ғ.), Пазырык (б.з.б. 5 — 3 ғ.) және Құлажорға (б. з. б. 3 ғ — б.з. 1 ғ.) кезеңдері. Күрті (Бұқтырманың жоғарғы саласы) бойыңдағы обаларда мәйіт сол жақ қырына, аяқ-қолын бауырына бүктеп жатқызылған. Басы солт.-батысқа қаратылған. Мәйіттің аяқ жағынан жылқы қаңқылары табылды. Майемір ( Нарын өз-нің жоғарғы жағы) обаларында өлік шалқасынан, аяқ-қолы созылып жерленген. Лақат қабырғалары ағашпен шегенделіп, төбесі бөренелермен жабылған. Зират тас үйіндімен қоршалған. 1997 ж. Майемір а- ның тұсынан 45 — 50 жасында қайтыс болған әйел қаңқасы, жанында қорамсаға салынған қола жебе ұштары, т.б. заттар табылды. Радиокарбондық анықтау бойынша бұл әйел б.з.б. 803 ж. ш. қайтыс болғаны дәлелденді. Оның бет әлпетінде еуропа және монғол нәсілдерінің аралас белгілері бар. Пазырық (немесе Берел) кезеңіндегі зираттардан табылған бұйымдар бұл дәуірде қола мен мысты темір ығыстырғанын, зергерлік өнердің біршама дами түскенін көрсетеді. Құлажорға (Шығыс Қазақстан) кезеңі Пазырық үлгілерінің жаңа сатыдағы жалғасы болып табылады. Обалардан адам сүйегімен бірге аңдар нақышымен өрнектелген көне петроглифтер көптеп табылды. Солардың ішінде бұғының, бүркіттің, таутекенің бейнелері тартымды берілген. А. е. бұл өңірде мәдениеті, шаруашылығы, діни-нанымдары ортақ этностар жайлағанын, Алтайдағы сақ мәдениетінің алғашқы қалыптасу орталығы болғанын көрсетеді.