АЛМАШИ ДЬОРДЬ (Almasy Gyorgy) (1867, Мажарстан, Фолшолеyдва қ — 1933, Австрия, Грац қ.) — шығыстанушы, географ, орнитолог. А. Д. бастаған экспедиция 1900 ж. наурыз — желтоқсан айларында Қазақстанның бірқатар жерлерінде болып, этногр., геогр. зерттеулер жүргізген. 1903 ж. жарық көрген “Азия жүрегіне сапарым” (“Vandorutam Azsia sivebe”) атты еңбегінде Жетісу, Алатау, Тянь-Шань өңірінің геогр. жағдайы, жан-жануарлар дүниесі, гидрология жүйесі, Түркістанның саяси-әлеум., экон. өмірі, ондағы жергілікті тұрғындар мен келімсек халықтардың арасындағы қарым-қатынас жөнінде көптеген деректер бар. Қазақтар мен қырғыздардың тілі, діні, әдет-ғұрпы, шаруашылығы туралы мәліметтер берілген. А.Д. 1912 ж. Еуропада алғаш рет “Манас” дастанының үзіндісін жариялады. Оның қазақ және қырғыз этнографиясы туралы жинаған құнды деректері Мажар этнография мұражайында сақтаулы.